
17 апреля 2025
«Эко-Әлем» клубы: газ-химия кешені экологияны сақтауы керек!
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанынан құрылған «Эко-Әлем» экоклубы мүшелері өңірде салынатын интеграцияланған газ-химия кешені қызметкерлерімен кездесіп, экологиялық мәселелерді талқылады.
Бұл шара экологиялық әсер ету рұқсатын алу мақсатында өткізіліп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының идеяларымен үйлеседі.
Жиында «Эко-Әлем» экологиялық клубының белсенділері жобаның қоршаған ортаға әсері жөнінде маңызды сауалдарын қойды. Жас экологтар өндіріс процесінің экологиялық қауіпсіздігі, қалдықтарды басқару және олардың қоршаған ортаға әсеріне қатысты мәселелерге ерекше назар аударды.
Кездесу барысында студенттерге жобаның технологиялық шешімдері, экономикалық тиімділігі және болашақта ашылатын жұмыс орындары туралы жан-жақты ақпарат берілді. «Силлено» ЖШС-нің бас инженер-экологы Нұржан Нұрмұханов, эколог-инженер Эльдар Ахметов және кадр бөлімінің өкілдері өндіріс ерекшеліктері мен жергілікті мамандарды тарту жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Шара соңында өткен сұрақ-жауап сессиясында білім алушылар экология, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және Қазақстандағы газ-химия өнеркәсібінің болашағы туралы маңызды тақырыптарды көтерді.