Media Image

16 апреля 2025

Көшбасшы қыздарға арналған үш күндік семинар-тренинг басталды

 

Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «NextGen Leaders: Қыздардың көшбасшылық жолы» атты семинар-тренинг өз жұмысын бастады. Бұл шара Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен аймақтың көшбасшы қыздарына арналған Tomiris жобасының аясында ұйымдастырылды.
Қазақ қыздарының көшбасшылық қабілеттерін арттырып, қоғамдағы белсенділігін нығайту мақсатында ұйымдастырылған тренингке өтінім қалдырған 140 үміткерден 70 қатысушы іріктеліп таңдалған. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде «Атырау облысының қыз-келіншектері қазіргі заманауи салалардың қай-қайсысында да көшбасшы болсын деген ниетте осы шараны ұйымдастырдық. Этикет, психология және қазақ қызының қоғамдағы рөлі секілді ауқымды тақырыптарды осы үш күндік тренингте қамтитын боламыз. Алты ай бойы талқыланып, қыздардың сұранысына ие спикерлерді таңдап ұйымдастырылған осы үлкен жобада барлығыңызға сәттілік тілеймін!»,- деді жастар ресурстық орталығы басшысы Мансия Сағидоллаева.
Семинар бағдарламасы қыздардың тұлғалық және кәсіби дамуына бағытталған. Алғашқы күні қатысушылар этикет пен психология тақырыптарында ҚР Этикет мектебінің негізін қалаушы, «Sısı Elisabeth патшайымы атындағы Аустриялық жоғарғы этикет мектебінің» үздік түлегі Сая Абдуғанидың дәрісін тыңдады.
Шараның келесі күндері «қазақ қызының бейнесі», «қазақ қызының қоғамдағы рөлі», «көшбасшылық», «медиа» секілді маңызды тақырыптар талқыланатын болады. Спикерлер қатарында Boston University түлегі, документалист және инфлюенсер Әлия Әшім, сондай-ақ Атырау облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің басшысы, полиция лейтенанты әрі журналист Мейірім Ердәулет бар.
Тренингке қатысушы аруларға сәттілік тілейміз!