
20 марта 2025
«Ұлттық спорт – ұлт мұрасы»
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай инновациялық білім беру факультетінің ұйымдастыруымен «Ұлттық спорт – ұлт мұрасы» атты мерекелік шара өтті.
Қазақтың ұлттық ойындары мен спорт түрлерін дәріптеу, жастарды ұлттық ойындарға баулу мақсатында ұйымдастырылған шараға университеттің басшылығы, профессор-оқытушылар мен студенттер қатысып, ұлттық өнер мен спортқа деген құрметін көрсетті.
Салтанатты жиынның алғы сөзінде «Наурызнама аясындағы инновациялық білім беру факультеті ұйымдастырған кезекті шараға қош келдіңіздер! Бұл мереке - тек ұлттық спортты дамыту үшін ғана емес, ұлттық ойындарымыз арқылы жастарымыздың бойындағы тарихи рухты оятып, ұлтымыздың мәдени мұрасын бойларына сіңіруге бағытталған іс деп есептеймін. Елімізде ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп, қарқынды даму үстінде. Оған дәлел - былтыр Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Біздің университетімізде де белсенді жас спортшыларымыз ұлттық ойындардың дамуына зор үлес қосып жүр. Соның ішінде тоғызқұмалақ, қазақ күресі сияқты спорт түрлерінен айтарлық жетістіктерге жетті»,- деді университет ректоры Саламат Идрисов.
Іс-шараның концерттік бөлімінде білім алушылар әуелете ән айтып, ұлттық бимен сахнаның сәнін келтірсе, «Әжелер» ансамблі халық әндерін шырқап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шараның спорттық бөлімінде қазақтың асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, қол күресі, ләңгі тебу, садақ ату сияқты ұлттық ойындары ұйымдастырылып, оқытушылар мен студенттер белсене қатысты. Сонымен қатар, биыл оқтау тартыс ұлттық ойыны алғаш рет ұйымдастырылып, студенттер асқан қызығушылықпен тартысқа түсті.
Шара соңында қатысушылар ұлттық дастарханнан дәм татып, «қара жорға» биімен мерекелік кешті қорытындылады.