Media Image

3 марта 2025

Р.Отарбаев шығармашылығындағы дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі талқыланды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Рахымжан Отарбаев шығармашылығы: дәстүр мен жаңашылдық – 2» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Рахымжан Отарбаев – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар тұлға. Оның шығармаларында ұлттық руханият, тарихи сана, адамгершілік құндылықтар терең бейнеленген.

«Рахымжан Отарбаев руханият қоры» жеке қоры ұйымдастырған конференцияның басты мақсаты – қаламгердің әдеби мұрасын зерттеу, оның шығармашылық жолын тереңірек талдау және жас зерттеушілер мен студенттерге әдебиеттану саласында ғылыми пікірлерді тыңдауға мүмкіндік беру. Жиында Отарбаев шығармаларындағы дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі, оның ұлттық әдебиетке қосқан үлесі және заманауи қазақ драматургиясындағы орны талқыланды.

«Бұл - біздің қаламыздағы  Р.Отарбаев шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциясының екінші күні. Конференцияға жазушылардың бір тобы келіп отыр. Өзіміздің жерлесіміз, ғалым Мақсат Тәж-Мұраттан бастап, Қарағанды, Тараз, Түркістан, Алматы, Астана қалаларынан ғалымдар қатысып отыр. Олардың барлығын біріктіретін Р.Отарбаевтың шығармашылығы», - дейді жазушының жары Сәуле Отарбаева.

Аталған ғылыми-практикалық конференцияға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы-публицист Мақсат Тәж-Мұрат, Торайғыров университеті профессоры, Қазақстан Жазушылар Одағының Павлодар филиалы директоры Серік Елікбай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Әлібек Байбол, Bolashaq Академиясының стратегиялық даму жөніндегі проректоры, PhD доктор Әділ Жакулаев, Түркістан қаласы №28 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арқалық Әмәлиятұлы, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың қауымдастырылған профессоры Рита Сұлтанғалиева, әдебиеттану мамандығының магистрі Айнұр Төлеу, журналист, жазушы Ардақ Үсейінова сынды әдебиет теориясын, қазақ әдебиеті мұраларын зерттеп жүрген беделді және жас ғалымдар мен әдебиеттанушылар, жазушылар мен журналистер қатысты.

«Әрбір сөздің жиналып келгендегі мәйегі ол – әдебиет, оның ішінде қозғалмайтын кейіпкерлер болады. Р.Отарбаевтың «SOR» әңгімесі – бір оқып щыққанда ұғындырмас, бойлатпас туынды. Есеңгіреп қаларың анық. Көркемдік аулынан алыс жан тосырқап, қырлап барып, үңілері сөзсіз. Рахымжан Отарбаев өңірлік қаламгер емес, ол қазақтың ертеңі қалай болады, тарихы жалғасса екен деген жазушы», - дейді Қазақстан Жазушылар Одағының Павлодар филиалы директоры Серік Елікбай.

Конференция барысында жазушының шығармаларындағы дәстүрлі құндылықтар мен жаңашылдық элементтері, оның әдебиеттегі орны, драматургия мен прозадағы ерешеліктері туралы «Жазушы Рахымжан Отарбаевтың шет тілдерге аударылып ғана қоймай, шығармалары да ғылыми талдаулардың нысанына айналуы – өз дәуірінің суреткері екендігі айғақтайды. Қазіргі қазақтың тұрмысы мен тұтастығы қандай деген тақырып аясында зерттелуінің өзі – оған берілген академиялық баға екенін аңғартады», - дейді әдебиеттану мамандығының магистрі Айнұр Төлеу.

Шара соңында қатысушылар Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы қазақ әдебиетінде ерекше орын алатынын, еңбектері ұлттық сананы қалыптастыруда, жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын алға тартып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.