Media Image
06.02.2026 14

"Атырау" газеті: Құрылтай және «Миранда ережесі»: Конституциялық реформаның жаңа белесі

Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа ел дамуының жаңа сапалық кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия ұсынған Конституцияның жаңа редакциясы қоғамның барлық қабатынан түскен ұсыныстарды саралай отырып әзірленді. Құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және билік институттарының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Реформаның бастауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында көтерілген бірпалаталы Парламентке көшу бастамасы тұр. Бұл ұсыныс елдегі саяси жаңғырудың логикалық жалғасы ретінде бағаланып, мемлекеттік билік жүйесін қайта теңгерімдеуді көздейді.

Осы мақсатта 2025 жылғы қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның құрамына белгілі құқықтанушылар, сарапшылар, саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері енді. Алты айға жуық уақыт ішінде екі мыңнан астам ұсыныс қаралып, нәтижесі 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында жария етілді. Осыдан кейін Президент Жарлығымен ауқымды әрі өкілді Конституциялық комиссия құрылды.
Комиссия жұмысы барысында Конституцияның барлық дерлік бөлімдері қамтылып, 77 бапқа өзгеріс енгізу ұсынылды. Бұл – Негізгі заң мәтінінің 84 пайызын құрайды. Соның негізінде Конституцияға жекелеген түзетулер емес, оның жаңа редакциясын қабылдау жөнінде шешім қабылданды.
Жаңа жоба мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын айқын көрсетеді. Конституциялық реформаны талқылау ашық форматта өтті: комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетіліп, қоғамға арналған арнайы ақпараттық арналар іске қосылды. Бұл биліктің халықпен ашық диалогқа дайын екенін көрсетті.
Реформаның ең маңызды бағыттарының бірі – Парламент институтын қайта форматтау. 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан екіпалаталы жүйеден бас тартып, бірпалаталы жоғары өкілді орган құру ұсынылып отыр. Жаңа Конституцияда «Парламент» бөлімі «Құрылтай» деп аталады. Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғарғы өкілді орган ретінде бекітіледі. Ол бес жыл мерзімге пропорционалды жүйе бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады.
Бұл өзгеріс саяси партиялардың рөлін күшейтіп, нақты саяси бәсекелестікті қалыптастыруға және Парламенттің ықпалын арттыруға бағытталған. Осылайша «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты мазмұнмен толығады.
Конституция жобасындағы тағы бір маңызды жаңалық – «Миранда ережесінің» Негізгі заң деңгейінде бекітілуі. Бұл қағида адамның өзіне қарсы куәлік бермеу, үнсіз қалу және адвокаттың көмегін пайдалану құқығын қамтамасыз етеді. Бұған дейін аталған норма Қылмыстық-процестік кодексте көзделсе, енді ол конституциялық кепілдікке айналмақ.
«Миранда ережесін» Конституцияда бекіту азаматтарды заңсыз қысымнан қорғауға, әділ сот төрелігіне деген сенімді нығайтуға және Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің қоғамнан үстемдігін емес, қоғаммен серіктестігін күшейтуге бағытталған. Жаңа Конституция ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдырады.
Бұл – Қазақстанның әділетті, ашық және теңгерімді мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашатын тарихи қадам.

Гүлмира БАХШАТОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Азаматтық-құқықтық пәндер» кафедрасының сеньор-лекторы, заң ғылымдарының магистрі

https://atr.kz/kozqaras/quryltaj-zhane-miranda-erezhesi-konstituciialyq-reformanyn-zhana-belesi/