Media Image
17.10.2025 74

«Досмұхамедұлы оқулары – 2025: Ғылым мен білімнің дамуындағы заманауи инновациялар және жасанды интеллект»

 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Досмұхамедұлы оқулары – 2025: Ғылым мен білімнің дамуындағы заманауи инновациялар және жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Ғылым мен білім беру саласындағы өзекті мәселелерді, инновациялық зерттеулер мен жасанды интеллекттің әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастырған пленарлық отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ, ҒЖБМ кеңесшісі Руслан Емелбаев, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы, профессор Бейбіт Мамраев, академик, профессор Кәрімбек Құрманалиев және басқалар қатысты.

Шарада «Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті: тарихы және бүгіні» энциклопедиясы мен тарихшы, ғалым Аққали Ахметтің «Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институты: 1940-1941 жж. архивтік құжаттар мен материалдар» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

 Конференция барысында Қазақстан, Франция, Польша, Әзербайжан мемлекеттерінің ғалымдары заманауи білім беру, жасанды интеллектіні этикалық пайдалану, нейролингвистикалық тәсілдер, экологиялық зерттеулер және экономика салалары бойынша ғылыми баяндамалар жасады. Жасанды интеллектіге байланысты цифрлық кодекс жобасы сынды бірқатар жобаларды жасауға атсалысып отырған Үнзила Шапақтың айтуынша, қазіргі күні қазақша сандық сөзжасамын, яғни терминологияны қалыптастыру жайы өзекті болып отыр. Мәселен, интернет қолданушының өзі жайлы мәліметтерді серверден алып тастауын талап ететін «права на забвения» сөзі «өшіру құқығы, ұмытылу құқығы, ұмыту құқығы» деп түрліше ұсынылып жүр. «Біз осы мәселені шешкенде түркі тілдес халықтар арсында алғашқы болып цифрлық ғылыми тілді қалыптастыра аламыз» деді ол.

Мереке Әбдешұлы өз кезегінде жасанды  интеллектіде авторлық құқықтың сақталуына назар аударып, басқаша жағдайда тарихи тұлғалардыңғ ғалымдардың сөздерін алаяқтардың пайдаланып кету мүмкіндігі бар екенін айтты. Белгілі тіл ғалымы, профессор Айгүл Ісімақова халелтану ілімі бойынша көптеген құнды мәліметтер келтірді. Пуатье университетінің доценті (Франция), PhD Жули Рансон, Назарбаев университетінің Жоғары білім беру мектебінің қауымдастырылған профессоры  Дуйшонкул Шаматов, Гданьск қаласындағы туризм және қонақжайлылық Университетінің (Польша) докторы, профессор Татьяна Скрипко, Сумгаит мемлекеттік университетінің (Әзербайжан Республикасы) PhD, қауымдастырылған профессоры Хаяла Идрис Сейфуллаевалар тақырып бойынша құнды тұжырымдарын ортаға салды.

Ғылыми жиынның секциялық отырыстары Халел Досмұхамедов және ұлттық ғылымның қалыптасуы, заманауи білім беру: тәжірибе, инновация және интеграция, жасанды интеллект пен цифрлық трансформация, биология, химия, экология салаларындағы заманауи зерттеулер, экономика, құқық және ақпараттық технологиялар: заманауи трендтер, филология, тіл және мәдениетаралық коммуникация бағыттары бойынша өтті.

file