Медиа ресурсы
ИНДОНЕЗИЯЛЫҚ ҒАЛЫМ БІРЛЕСКЕН ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРГІЗЕДІ
Новости

ИНДОНЕЗИЯЛЫҚ ҒАЛЫМ БІРЛЕСКЕН ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРГІЗЕДІ


Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов Индонезиядағы Айрлангга университетінің доценті, PhD Мұхаммад Саудты қабылдады.

Кездесуде ғалымның университеттегі жұмыс жоспары мен ғылыми ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.

Мұхаммад Сауд Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында университетке шақырылды. Ол 2026 жылғы 30 қыркүйек пен 22 қазан аралығында Инновациялық білім беру факультетінде ғылыми-зерттеу және академиялық жұмыстар жүргізеді.

Сапар барысында факультеттің оқытушылары мен зерттеушілерімен бірлесіп ғылыми мақалалар әзірлеу, халықаралық жобалар бойынша ұсыныстар дайындау, зерттеу әдіснамасы мен этикасы жөнінде тәжірибе алмасу және ғылыми семинарлар өткізу жоспарланған. Бұл жұмыстар кафедралардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға және халықаралық ғылыми басылымдарға мақалалар дайындауға бағытталады.

Ғалымның негізгі зерттеу бағыттарына әлеуметтану, криминология, әлеуметтік-саяси үдерістер, зерттеу этикасы, жастар мәселелері және жергілікті қауымдастықтармен жұмыс жатады.

Кездесуде екі университет арасындағы ғылыми байланысты нығайту, бірлескен зерттеулер жүргізу және халықаралық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері де сөз болды.

Бұл сапар Атырау университетінің ғылыми әлеуетін арттырып, Қазақстан мен Индонезия арасындағы білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.