Медиа ресурсы
ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, КҮЙШІ ҚАРШЫҒА АХМЕДИЯРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 80 ЖЫЛ
Новости

ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, КҮЙШІ ҚАРШЫҒА АХМЕДИЯРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 80 ЖЫЛ

Қаршыға Ахмедияровтың 80 жылдығы: Атырау университетінде танымдық конференция өтті

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Күй өнерінің кемеңгері – Қаршыға» атты танымдық конференция өтті. Тағылымды жиын Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті күйші-композитор Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына арналды.

Басқосудың мақсаты – өнер иесінің өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасын тереңірек зерделеу, ұлттық күй өнерін кейінгі ұрпаққа кеңінен таныту.

Конференцияға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, облыс басшылығының өкілдері, ғалымдар, өнертанушылар мен күйшілер қатысты. Басқосуға Қаршыға Ахмедияровтың отбасы мүшелері мен туыстары, достары және шәкірттері де келді. Астана, Алматы, Орал қалаларынан және еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар өнер иесі туралы естеліктерімен бөлісті.

Конференцияның ашылуында Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов құттықтау сөз арнады. Сондай-ақ жиында мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің атынан жолданған құттықтау хат оқылды.

«Атырау өңірі – Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Махамбет сынды күй алыптарының дәстүрі тоғысқан киелі өлке. Осы топырақтан түлеп ұшқан Қаршыға Ахмедияров – қазақтың күй өнеріндегі бірегей тұлға. Ол батыс өңірінің, соның ішінде Атыраудың күйшілік дәстүрін жалғастырып, өзіндік орындаушылық мектебін қалыптастырды. Қаршыға Ахмедияровтың ғибратты ғұмыры мен күйшілік мұрасы – Атырау жұртшылығының ғана емес, тұтас қазақ халқының ортақ мақтанышы», – деді Саламат Идрисов.

Конференция жұмысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Карима Сахарбаева жүргізді. Баяндамашылар Қаршыға Ахмедияровтың өмір жолы, орындаушылық және композиторлық өнері, зерттеушілік еңбегі мен ұстаздық қызметі туралы ой қозғады.

Күйшінің ағасы Алғи Ахмедияров пен зайыбы Нұрбике Ахмедиярова оның өмірі мен өнер жолынан сыр шертетін естеліктерімен бөлісті. Конференцияда «Өмір өткелдерінде», «Талант бастауы», «Қазақ күй өнерінің көрнекті композиторы» тақырыптарында баяндамалар мен естеліктер тыңдалды. Сондай-ақ «Қаршыға – күй өнерінің зерделі зерттеушісі», «Өнер өрісіндегі достық», «Күй керуеніне ілестірген ұстазым» тақырыптары қозғалды.

Қаршыға Ахмедияров – Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры. Ол Атырауға сапарлары кезінде университеттің Музыка және өнер кафедрасының оқытушылары мен студенттеріне шеберлік сабақтарын өткізіп, жас өнерпаздардың кәсіби қалыптасуына үлес қосты.

Бүгінде кафедра оқытушылары күйшінің туындыларын, орындаушылық мәнерін және домбыра мектебінің ерекшеліктерін сабақ барысында жүйелі талдайды. Олар Қаршыға Ахмедияровтың мұрасын жас домбырашыларға кеңінен насихаттап келеді.

Қаршыға Ахмедияров дәстүрлі күй өнерін орындаушы, композитор, зерттеуші әрі ұстаз ретінде өркендеткен көрнекті тұлға болды. Ол Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина және Махамбет мұрасын терең зерделеп, ұлттық күй дәстүрінің сабақтастығына зор үлес қосты. Оның «Күй – ұран», «Алтын орда», «Толғау», «Атырау» сынды туындылары ұлттық музыка мұрасын байытты.

Танымдық конференция Қаршыға Ахмедияров мұрасының өміршеңдігін және оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын тағы бір мәрте айқындады.