Медиа ресурсы
ХИСМЕТ ТАБЫЛДИЕВТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
Новости

ХИСМЕТ ТАБЫЛДИЕВТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Бүгін көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің туғанына 90 жыл толуына орай футзалдан облыстық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Білім беру, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасындағы спорттық додаға сегіз команда қатысуда.

Атырау облысының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Хисмет Табылдиев саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнап, Атырау өңірінің тарихын зерттеуге зор үлес қосты. Ғалымның іргелі еңбектері мен тағылымды ұстаздық жолы кейінгі ұрпаққа мол мұра болып қалды.

Мерейтой аясында ұйымдастырылған турнирдің негізгі мақсаты – ғалымның есімі мен өнегелі өмір жолын ұлықтау, бұқаралық спортты насихаттау, саламатты өмір салтын дәріптеу және әр сала қызметкерлері арасындағы ынтымақтастық пен достық байланысты нығайту.

Турнирдің ашылу салтанатында Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов қатысушыларға құттықтау сөз арнап, Хисмет Бозанұлының ғылым мен білім саласындағы айрықша еңбегіне тоқталды.

«Бүгін біз саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің 90 жылдық мерейтойына орай бас қосып отырмыз. Ғалымның туған өлке тарихын зерттеудегі еңбегі мен шәкірт тәрбиелеудегі ұлағаты – баршамызға ортақ рухани қазына. Оның есімін ұлықтауға арналған бүгінгі турнир әріптестердің басын қосып, өзара сыйластық пен бірлікті нығайта түседі деп сенемін. Жарысқа қатысушы барлық командаға сәттілік тілеймін! Ойындар тартысты өтіп, адал бәсеке мен достық салтанат құрсын!» – деді университет ректоры.

Салтанатты жиында ғалымның үлкен ұлы Бейбіт Табылдиев те сөз сөйлеп, әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Ол Хисмет Бозанұлының ғылыми мұрасы мен азаматтық болмысын ұлықтауға бағытталған турнирді ұйымдастырушыларға және қатысушыларға отбасы атынан алғысын білдірді.

Облыстық турнирде Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің, «Атырау ақпарат» медиахолдингінің, Индер, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарының, Атырау қалалық білім бөлімінің, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының, сондай-ақ Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің командалары бақ сынайды.

Ғалымға тағзым мен спорттық рухты тоғыстырған турнир қатысушыларға алаңда өз шеберліктерін танытып, командалық бірлікті нығайтуға мүмкіндік береді. Жарыс барысында командалар жеңіс үшін өзара бәсекеге түсіп қана қоймай, әріптестік қарым-қатынасты дамытып, өзара тәжірибе алмасады.

Турнирге қатысушы барлық командаға сәттілік тілейміз! Спорттық дода тартысты ойындарға, жарқын жеңістерге және әсерлі сәттерге толы болсын!