Media Image

13 апреля 2025

Профессор Әлия Мұханбетжанованың педагогикалық мұрасы насихатталды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасы ұйымдастыруымен «Әлия Мұханбетжанованың педагогикалық мұрасы: интеграцияланған білім берудің тұжырымдамалық аспектілері» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
Семинардың басты мақсаты – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әлия Мұханбетжанованың білім беру саласындағы ғылыми-педагогикалық мұрасын зерделеу, оның интеграцияланған білім беруді дамытудағы тұжырымдамалық идеяларын талқылау және қазіргі білім беру жүйесіне енгізу жолдарын қарастыру.
Іс-шараның ашылуында «Ғылым апталығы аясында жыл сайын дәстүрлі түрде Әлия Мұханбетжанованың ғылыми жолы мен тағылымына арналған ғылыми семинарлар өтеді. Биылғы аймақтық семинарға интеграцияланған білім берудің тұжырымдамалық аспектілері туралы тақырыпты таңдадық. Онлайн қосылған және осы жерде отырған барлық семинарға қатысушыларға сәттілік тілеймін!»,- деді Инновациялық білім беру факультетінің деканы, профессор Ақмарал Мұханбетжанова.
Ғылыми семинарда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, п.ғ.д. Бақыт Барсай, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, п.ғ.д. Светлана Бахишева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, п.ғ.к. Гүлжан Ерғалиева, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының сеньор-лекторы, магистр Гүлсара Әуелбаева, Білім берудегі менеджмент білім бағдарламасының 2-курс магистранты Ақбөбек Қазимова сынды қатысушылар тың тақырыптарда баяндамалар жасады.
Семинар барысында болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарының рөлі, сондай-ақ Әлия Мұханбетжанованың педагогикалық мұралары мен олардың қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызы талқыланды.
Баяндамаларда педагогика дидактикасы, педагогикалық дизайны, рухани-адамгершілік тәрбие беру аспектілері, жаңартылған бастауыш білімге қосқан үлесі мен білімді интеграциялау идеясы талқыланды.
«Әлия Мұханбетжанованың ғылыми мұраларының цифрлық дәуірде студенттерге бағытталған оқытудың дидактикасы мен педагогикалық дизайнында көрініс табуы» баяндамасында «дәстүрлі дидактиканың трансформациясына негіз болатын парадигмалық идеялардың қатарына білім беруден – оқыту үдерісін жобалау мен құрастыруға өту және студентке бағытталған оқыту үдерісінің педагогикалық дизайнын құруды жатқыза аламыз. Цифрлық ортада білім беруді жобалау барысында дәстүрлі дидактикадан педагогикалық дизайн құруға өту тың әдістердің бірі деп есептеуге болады»,- дейді Светлана Бахишева.
Семинар соңында қатысушылар ашық пікір алмасты.