Media Image

24 сәуір 2025

Түрік профессоры Емин Атасой шеберлік сабағын өткізді

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде түрік профессоры, PhD, Бурса қаласындағы Улудаг университетінің өкілі және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры Емин Атасойдың қатысуымен «Scopus және Web of Science (Master Journal List) журналдарына ғылыми мақалаларды қалай дайындау керек?» тақырыбында шеберлік сабағы өтті.
Жас зерттеушілер мен докторанттарға ғылыми мақалаларды Scopus және Web of Science (Master Journal List) сынды халықаралық базаларда жариялауға дайындау жолдарын үйрету мақсатында ұйымдастырылған шеберлік сағатына университеттің оқытушы-профессорлары, магистранттар мен студенттер қатысты.
Шара барысында профессор Емин Атасой ғылыми мақалаларды халықаралық деңгейде жариялаудың тетіктері мен тәжірибелік кеңестерімен, пост кеңестік және батыстық ғалымдардың ғылыми жазу стильдерінің айырмашылықтарымен бөлісті. «Ғылыми мақаланы дұрыс жазуды бастау үшін жазу үдерісін үш кезеңге бөлген тиімді: дайындық және ақпарат жинау, өзгертілетін нұсқасын дайындау және түзету (редакциялау). Тәжірибелі авторлар өз уақыттарын келесідей бөлуді ұсынады: дайындық пен ақпарат жинауға – 70%, алғашқы нұсқаны жазуға – 10%, ал түзетуге – 20%», - дейді профессоры Емин Атасой.
Жиында академиялық жазу талаптары, журнал таңдаудың критерийлері, рецензиялау үдерісі мен халықаралық стандарттарға сай ғылыми стильді қалыптастыру туралы терең мағлұмат берілді. Профессор Емин Атасой Қазақстанда жетекшілік еткен 15 PhD докторанттың жетістіктері туралы айтып, олардың 30-дан астам мақаласы беделді журналдарда жарық көріп, 6-дан астам ғылыми кітаптары шетелде басылып шыққанын атап өтті.