
9 апреля 2025
Инклюзивті білім беру мәселесі халықаралық деңгейде талқыланды
Х.Досмұхамдов атындағы Атырау университетінде Ғылым декадасы аясында «Инклюзивті білім беру және қоғам: әдіснама, зерттеу, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға Қазақстан, Канада, АҚШ, Түркия елдерінің ғалымдары, Атырау облысы Білім беру басқармасы мен мекемелерінің өкілдері, Атырау университетінің басшылығы, профессор-оқытушылары мен білім алушылар қатысты.
«...Ақпараттың қазіргі қоғамда таралу ерекшеліктерін ескере отырып, менің ойымша, Дайнинг-Крюгер әсеріне сай, көптеген адамдар инклюзивті білім беру мәселесінде өзін сарапшы санайды. Оған қоса, бірнеше айлық онлайн курстан өткен психологтардың көптігі жағдайды күрделендіре түсуде. Сол себепті бүгінгі форумның өткізілуі өте өзекті деп санаймын. Бұл форум ерекше қажеттіліктері бар балалардың инклюзиясына қатысты ғылыми негізделген ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді»,- деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Директорлар кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Бейбіт Мамраев алғы сөзінде.
Пленарлық мәжілісте шетелдік және отандық ғалымдар инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесін талқылап, инклюзия тақырыбын түрлі аспектіде аша түсті.
АҚШ-тың Джордж Мейсон университетінің профессоры, «Әр алуандылықты зерттеу және іс-әрекет консорциумының» негізін қалаушы директоры Доктор Фред Бемак «Инклюзивті білім беру: өзгермелі әлемдегі келешек қадамдар» тақырыбындағы баяндамасында: «Бүгінгі таңда біздің әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Осындай қарқынды өзгерістер философиялық және қаржылық тұрғыдан түрлі қауіптерді туындатады. Бұл қауіптер, ең алдымен, халықтың осал топтарына әсер етеді – олар сапалы білімнен шет қалу қаупіне тап болады. Меніңше, инклюзивті білім беру осы мәселелердің шешімі болуы мүмкін. Бірақ, бір ескерерлігі – біз ұстанып жүрген құндылықтар мен көзқарастар кейде қоғамдағы нақты қажеттіліктер мен шындықтарға сай келмей жатады. Бұл – үлкен ой салатын жағдай»,- десе, «Халықаралық инклюзивті білім беру стратегиясын құру» мәселесін талқылаған баяндамасында: «Инклюзивті білім беруді айқындайтын халықаралық келісімдер болғанымен, бұл ұғым мәнмәтіндерде әрқалай түсіндіріледі. Мұндай айырмашылықтар салыстырмалы зерттеулер жүргізуге және нақты жағдайға бейімделген тиімді стратегияларды әзірлеуге кедергі келтіреді. Осы мәселені шешу мақсатында Инклюзивті білім берудің салыстырмалы халықаралық негізі (CIFIE) әзірленді»,- деп атап өтті Канаданың Саймон Фрайзер (Simon Flazer) университетінің профессоры, доктор Роберт Уильямсон.
Ал Түркияның Хаджеттепе университетінің профессоры, доктор Ясемин Озкан «Түркиядағы инклюзивті білім беру - мектептегі әлеуметтік жұмыс тұрғысынан» баяндамасында: «Инклюзивті білім беру – бұл негізгі адам құқығы және баланың құқықтарының ажырамас бөлігі. Ол барлық балаларға – мүгедектігіне, шыққан тегіне немесе оқу қажеттіліктеріне қарамастан – жалпы білім беру жүйесінде сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру тең мүмкіндіктерді, белсенді қатысуды және әртүрлілікке құрметпен қарауды дамыта отырып, инклюзивті қоғам құруға үлес қосады»,- деп инклюзивті білім берудің мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ ауқымды жиында сөз алған Канаданың Уэст университетінің қауымдастырылған профессоры, Саймон Фрейзер университеті PhD докторанты Айгерім Шилібекова «Жасанды интеллект және инклюзивті білім: оқытушылардың кәсіби дамуына ғылыми көзқарас», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық университеті қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Зауреш Имжарова «Инклюзивті аралас оқыту форматындағы онлайн-педагогика: мүмкіндіктер көкжиегін кеңейту», Атырау облысы Білім беру басқармасының әдістемелік орталығы инклюзивті және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Гульжанар Кубеева «Атырау өңірі бойынша инклюзивті білім берудің ерекшеліктері», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ляйля Қойшығұлова «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беру тәжірибесін бағдарлайтын салыстырмалы халықаралық зерттеу нәтижелері» секілді өзекті мәселелерді кеңінен талқылап, мазмұнды баяндамалар жасады.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Қансұлу Өтепқалиева: «Конференция барысында айтып өткендей, доктор Роберт Уильямсон жетекшілігімен «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беру тәжірибесін бағдарлайтын салыстырмалы халықаралық зерттеу» тақырыбында Атырау университеті ғалымдарымен бірлескен халықаралық жобасы іске асқан еді. 3 жылда жоба мүшелері үлкен ауқымды зерттеулер жүргізді. Халықаралық тәжірибе жинақталды. Пікір алмасулар мен тәжірибе алмасулар жүрді. Халықаралық жобаның сәтті және нәтижелі іске асуына ықпал еткен жоба жетекшісі Роберт мырзаға университет атынан шынайы ықылас білдіреміз»,- дей келе, доктор Роберт Уильямсонға «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры» атағын ресми түрде табыс етті. Шетелдік ғалым университет ұжымына күтпеген тосынсый үшін шексіз ризашылығын жеткізді.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар конференцияның секциялық отырыстармен жалғасын табатынын ескертіп, конференция қатысушыларымен естелік суретке түсті.