
15 шілде 2025
Атырау университетіне 225 мемлекеттік білім гранты бөлінді
Биыл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі атыраулық түлектер үшін арнайы 500 грант бөлді. Ал, облыстағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті 225 мемлекеттік білім грантына үміткерлерді қабылдап жатыр.
Талапкерлер құжатын қабылдау 20 шілдеге дейін жалғасады. Университеттің қабылдау комиссиясы үзілісіз демалыс күндері де жұмыс жасап тұр. «Бұл Атыраулықтар үшін ғана беріліп отырған мүмкіндік. Қазіргі таңда қабылдау комиссиясында еліміздің өзге аймағынан келген белді университеттер де құжат қабылдап жатыр. Оның ішінде жаратылыстану, педагогика, металлургия секілді әртүрлі мамандықтар бар. Сонымен қатар, талапкерлер Атырау университетіне бөлінген 225 грантқа да құжат тапсыруда. Онда педагогика, балық шаруашылығы, жаратылыстану және ІТ технология саласына гранттар көп бөлінген», – деді Атырау университетінің академиялық мәселелері жөніндегі проректоры Асхат Шүкіров. Сондай-ақ, проректор үміткерлер egov.kz электрондық порталы арқылы да өтініш бере алатынын айтты.
Биыл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлер үшін 93 232 білім беру грантын бөлген. Соның ішінде, бакалавриатқа – 77 084, магистратураға – 13 229, доктарантураға 2 919 орын бөлінген. Ал, атыраулық түлектер үшін арнайы бөлінген 500 грантпен үміткерлер еліміздің 40-тан астам жоғары оқу орындарында білім ала алады.
