
Тәжірибе мен қолдау тоғысқан орта
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті «PROF қадам кураторлық және тәлімгерлік» жоба жұмысы бойынша Farabi International School заманауи мектебімен меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – болашақ мұғалімдердің жеке тәжірибесін зерттеу және мектептегі тәрбие жұмысының идеясын түсінуіне көмектесу арқылы олардың кәсіби шеберлігінің өсуі мен педагогикалық бастамаларына қолдау көрсету, ғылыми тәжірибелік және дипломдық тәжірибелерді өткізу үшін базалық мекемелермен серіктестікті нығайту.
Farabi International School – мемлекеттік стандарт пен заманауи халықаралық бағдарламаларды үйлестіре отырып, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жаңа форматтағы сапалы білім мен инновацияны үйлестірген заманауи мектеп. Атырау университетінің педагогика мамандығының 4-курс студенттері оқу ордамыздың оқытушыларымен қашықтықтан байланыса отырып, аудиториядағы сабақтарын Farabi International School мектебіндегі тәжірибелік сабақтарға алмастырады. Олар теориялық білімдерін тәжірибеде ұштастырып, өздері де мектептің басты ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып, заманауи ұстаз болып шығуға алғашқы қадамдарын жасайды.
Халел университеті педагогикалық мамандықты таңдаған жастардың жаңа заман талабына сай маман болып шығуына және кәсіби құзіреттілігін арттыруға мол мүмкіндіктер беруде.
