
20 маусым 2025
«Ұстаз» мектебінің түлектеріне аттестат табысталды
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті жанындағы дарынды балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-интернатында «Жолың болсын, Жас түлек!» атты салтанатты аттестат тапсыру кеші өтті.
Шараға Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов, университет пен мектеп басшылығы, ұстаздар, ата-аналар және 2025 жылғы түлектер қатысты.
«Бұл – түлектеріміздің балалықпен қоштасып, үлкен өмірге нық қадам басқан тарихи сәті. Бүгінгі түлектер – ел болашағы. Түлектерге болашаққа басқан қадамдарына ақ жол тілейміз. Біріншіден, алған білімдеріңізді жақсы көрсетіп, білікті маман иесі атануларыңызға тілектеспін. Екіншіден, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтап, елге қызмет етер азамат болыңыздар дегім келеді»,- деді ректор құттықтау сөзінде.
Биылғы оқу жылында мектепті 43 шәкірт тәмамдап, олардың арасынан 2 оқушы – “Алтын белгі”, 4 оқушы – “Үздік аттестат” иегері атанды. Сонымен қатар, оқу жылының қорытындысы бойынша үздік нәтижеге жеткен және пәндік жетістіктері үшін бірнеше оқушы мақтау қағазымен марапатталды.
Шара барысында түлектер ұстаздарына, ата-аналарына жүрекжарды алғыстарын айтып, арнау жырларын оқыды. Сондай-ақ, оқу ордасында еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен тәрбиешілерге де арнайы алғыс хаттар табыс етілді.
Кеш соңында түлектер «Түлек» әні орындалып, естелік суретке түсті.