
29 сәуір 2025
Болашақта ғылыми зерттеушілер мен тарих пәні педагогтарын даярлауға жол ашу – басты міндетіміз болмақ!
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлімінің жетекшісі, э.ғ.к. Эльмира Адиетова, қазақстан және дүние жүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі Дана Алипова Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтымен ғылыми байланыстарды дамыту, докторантура және магистратура білім бағдарламалары бойынша ғылыми-зерттеу және ғылыми тағылымдамалар аясында келісім шарттар жасасу, тарих саласындағы докторанттармен жобалар бойынша ғылыми семинарлар өткізу мақсатында 2025 жылдың 21-25 сәуір аралығында Астана қаласында іссапарда болды.
Іссапар барысында Атырау университеті ғалымдары Мемлекет тарихы институты, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен “Қазақстандағы тарихи зерттеулер: рефлексия, фокустар және даму векторлары (Ұлттық құрылтайдың IV отырысының қорытындысы бойынша)” сарапшылық талқылауға қатысты.
Атырау университеті 2024-25 оқу жылында 8D02201 – Тарихшы-зерттеуші (ғылыми-практикалық бағыт), 8D02202 – Тарихшы-зерттеуші (бейіндік бағыт) білім бағдарламалары бойынша алғашқы докторанттарды оқуға қабылдаған болатын. Аталған білім бағдарламалары бойынша докторантура – елдің рухани-мәдени дамуына, ғылыми әлеуетінің өсуіне және ұлттық болмысын сақтауға арналған аса қажетті білім бағдарламалары.
Алдағы уақытта докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде Президенттік кітапханамен, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығымен, Халықаралық түркі академиясымен ынтымақтастық мақсатында келісім-шарттар жасалды.