Media Image

28 сәуір 2025

Соғыс жылдарындағы Атырау өңірінің жағдайы талқыланды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Атырау облысы соғыс жылдарында» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынға тарихшылар мен ғалымдар, профессор-оқытушылары мен студенттер қатысып, Атырау өңірінің соғыс жылдарындағы тарихи оқиғалары, жерлестеріміздің ерліктері және жаңа тарихи деректер талқыланды.
Шараның ашылуында «Ұлы Жеңіске қазақстандықтардың, соның ішінде атыраулықтардың қосқан үлесі зор. Осы Жеңістің 80 жылдығына арнап, Атырау облысы Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Атырау университетінің тарихшы-ғалымдарының тікелей қатысуымен «Атырау облысы соғыс жылдарында» деген атаумен үлкен 500 беттік еңбек дайындалды. Бұл еңбек - жеңісті жақындатуға қосқан атыраулық майдангерлердің ерліктерін насихаттауға қосқан үлесіміз деп білемін»,- деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Лесқали Бердіғожин.
Дөңгелек үстелде педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағимов «Атыраулықтар соғыс жылдарында» тақырыбында баяндама жасаса, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәмиға Таңатарова Жылыой ауданының 1939-1945 жылдардағы тарихына тоқталды. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Серік Қуаныш Атырау аймағының соғыс жылдарындағы тарихи деректерімен таныстырса, магистрант Нұржамал Наурызова халық қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы баяндама жасады.
Тың тарихи деректермен бөліскен баяндамасының соңында профессор Жәмиға Таңатарова студенттерге бірнеше зерттеу тақырыптарын ұсынды. «Соғыс жылдарында тұтқынға түскен қазақ жауынгерлері көптеп зерттелу керек. Себебі олар елге оралғаннан кейін де қайтадан репрессияға ұшырап, шекарада орналасқан фильтрлік лагерьлерге тап болған. Осындай қиындық көрген сарбаздардың өмірін кеңінен зерттеу керек деп ойлаймын. Екінші, таза қазақ ұлтының сарбаздарынан құралған 106-дивизия туралы, оның құрамында болған қазақ жауынгерлерінің жеке бас деректері әлі күнге анықталмаған. Осы тарихи тақырыпты да толығырақ зерттеп, ата-бабамыздың үлкен ерлік істерін ашу керек», - деді профессор Жәмиға Таңатарова.
Жиын соңында ұсыныстар мен пікір алмасу ұйымдастырылып, естелік суретке түсті.