
28 сәуір 2025
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған дәрістер легі басталды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған дәрістер легі басталды. Бүгінгі дәрісті тарихшы, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шахман Нагимов жүргізіп, Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен ерлік көрсеткен қазақ батырларының ерліктеріне тоқталды.
Дәрістер студенттерге Ұлы Отан соғысының тарихи маңызын терең ұғындыру, соғыста ерлікпен шайқасқан қазақ батырларының ерліктерін насихаттау, жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихи жадыны құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Дәріс барысында 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағаны, алғашқы соққысына Брест қаласы ұшырап, оны қорғауда қазақстандықтар болғаны туралы айтылды.
Профессор генерал И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының қатарында болған қазақ солдаттарының көзсіз ерліктері туралы кеңінен айтып, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин сынды қазақ батырларының жанқиярлықпен, асқан батылдықпен соғысқандары жөнінде баяндады. Ұлы Отан соғысының даңқты каһарманы, гвардия палковнигі Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы мүсінделген Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасы да талқыланды.
Университетте басталған дәрістер легі жалғасып, студенттерге Ұлы Жеңістің тарихи маңызын терең түсіндіруге бағытталмақ.