Media Image
01.09.2025 76

«Ұстаз» мектебі жаңа оқу жылын бастады

Білім күніне орай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанындағы дарынды балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-интернатында алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы ресми түрде басталды.

Биыл мектепте жалпы 80 оқушы білім алмақ. Оның ішінде 44 бала іріктеуден өтіп, қабылданып отыр. Алғашқы қоңырау салтанатына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы–ректоры Саламат Идрисов, университет проректорлары, факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен оқытушылар құрамы, сондай-ақ Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбенұлы Абуов құрметті қонақ ретінде шақырылды. Сонымен бірге, «Ұстаз» мектебінің әлеуметтік серіктестері – «Атырау Жарық» акционерлік қоғамының бақылаушылар кеңесінің төрағасы, мектептің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, меценат, Атырау облысының Құрметті азаматы Оразғали Қаршегенов, сондай-ақ «Былина» орыс этно-мәдени орталығының жетекшісі, қоғам қайраткері Андрей Кораблев қатысты.

Айта кетейік, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша мектепті тәмамдаған 43 түлектің 29-ы мемлекеттік грант иегері атанды. Оның ішінде 23 түлек педагогикалық мамандықты таңдаса, 17-сі педагогикалық бағыттағы грантқа ие болды. Биылғы түлектердің 16-сы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне оқуға түсті. Олардың ішінде 5-уі грант иегері, 9-ы ақылы бөлімге қабылданды. Жалпы, 43 бітірушінің 23-і педагогикалық, 20-сы өзге мамандықтарға ЖОО-ға жолдама алды.

file