Media Image
30.10.2025 64

Міржақып Дулатов: идеялар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар»

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ағартушы, ақын, жазушы, публицист, қоғам және мемлекет қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына арналған «Міржақып Дулатов: идеялар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Еліміздің түрлі аймақтарынан іргелі ғалымдар, оқытушы-педагогтар мен магистранттар онлайн және оффлайн режимінде қатысқан ғылыми шарада Міржақып Дулатовтың өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен мәліметтер айтылып, талқыланды. Бұл жөнінде Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, аға оқытушы, PhD Гүлнара Обаева, Ш.Есенов атындағы КТИУ филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақмарал Отарова, Атырау университеті мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының сеньор-лекторы, PhD докторант Жанна Өтемісова және басқалар баяндама оқыды.

Соның ішінде, Назарбаев университетінде Алаш қайраткерлерінің еңбектері биылғы оқу жылынан бастап арнайы курс ретінде оқытыла бастағанын жеткізген Айгүл Ісмақова Міржақыптың ұлт деңгейін арттыру жолында қазақ тілінің ғана емес, әйел затының да мәртебесін көтеруге мән бергенін оның шығармашылығы арқылы талдап, сол заманда-ақ «баланың іскерлігі» ұғымын енгізгенін, есептерді қазақтың тұрмыс-салтымен, мәселен, мал басымен байланыстырып шығарғанын, «Қирағат» деп аталған оқу құралын шығарғанын айтты.

Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» өлеңін жазуына Абайдың әсері болғанын, алғашқы шоқантанушы екенін нақты мысалдармен көрсеткен ғалым қазіргі тарихшы ғалымдарлың көпшілігі Міржақыптың мұрасын пайдаланып жүрсе де, оған сілтеме жасамайтынын сынға алды. Айгүл Ісмақованың бұл жолғы тың баяндамасы Халел университетінде алғашқы рет жария етілген эксклюзивті дүние болуымен ерекшеленді.

Сондай-ақ, шараға қатысқан ғалым Шахман Нағимов Міржақыптың ұлтымыздағы көсем дәрежесіндегі санаулы тұлға екенін айта келіп, оны Ахмет Байтұрсынұлы сынды басқа да алаш арыстарымен бірлікте қарау деген тұжырым жасады. Ол кісінің алаш арыстарын ақтауға батыр Бауыржан Момышұлының да үлесін қосқаны жайлы әңгімесі тыңдаушыларды бей-жай қалдырмағаны анық.

Аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция одан әрі «Ұлттың рухани әлемі мен тілді сақтау және мәртебесін көтеру мәселесі», «Алаш үкіметі және дербес қазақ мемлекеті идеясы» және «Ұлттың рухани тәуелсіздігінің кілті – білім жүйесін дамыту» тақырыбындағы секциялық мәжілістерге ұласты.