Centre de Didactique du Français et des Langues Européennes орталығының салтанатты ашылуы өтті
Бүгін, 2025 жылғы 28 қазан күні, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің өкілдері – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор К.Утепкалиева мен Пуатье университетімен байланыс жөніндегі үйлестіруші А.Хайыржанова – Абай университетінде өткен Centre de Didactique du Français et des Langues Européennes орталығының салтанатты ашылуына қатысты.
Іс-шара Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен өтті.
К. Утепкалиева құттықтау сөз сөйлеп, біздің университет пен Франциядағы Пуатье университеті арасындағы көпжылдық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
Досмұхамедов университеті мен Пуатье университеті арасындағы ынтымақтастық 2014 жылдан бастау алады. Сол жылы екі ел президенттерінің кездесуі аясында Астанада әріптестік туралы келісімге университет ректоры Б. Мамраев пен Пуатье университетінің вице-президенті Личия Баджини қол қойған болатын. Осы жылдар ішінде бірлескен жобаларға математика профессоры Патрик Ноден, экономика профессоры Филипп Роже, филология профессоры Личия Баджини және басқа да ғалымдар белсенді қатысып келеді.
2014 жылдан бері екі университет бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын, академиялық алмасу бағдарламаларын және оқытушылар тағылымдамаларын сәтті жүзеге асырып келеді.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері Erasmus+ бағдарламасы аясында Францияда білім алып жүр. Ал француз тіліне қызығушылық жыл сайын артып келеді — бүгінде оны бірінші шетел тілі ретінде 12 студент оқып жатыр!
Француз және еуропалық тілдер дидактикасы орталығының ашылуы – халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, көптілді білім беруді дамытудың және франкофония құндылықтарын Қазақстанда ілгерілетудің маңызды қадамы болып табылады.