
23 мамыр 2025
Университет түлегі - «Жыл мұғалімі – 2025» атанды!
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің физика және техникалық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Жыл мұғалімі – 2025» байқауының жеңімпазы, Атырау университетінің 2003 жылғы түлегі Самал Махамбетованың қатысуымен «Ұстаздық - шеберлік пен шабыт жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
«Жыл мұғалімі – 2025» байқауының жеңімпазы Самал Махамбетованы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов қабылдап, жеңісімен құттықтады. Қабылдау барысында ректор түлекке алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Болашақ педагог мамандарға кәсіби бағыт-бағдар беру, тәжірибе алмасу және заманауи мұғалім болудың қыр-сырын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған кездесуге студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Шарада физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Бақытгүл Асанова, физика және техникалық пәндер кафедрасының меңгерушісі Жәңгірхан Жұмамұхамбетов, сондай-ақ профессор Баян Қуанбаева сөз алып, Самал Қалиқызын жеңісімен құттықтады.
«Атырау университетінің 2003 жылғы түлегі, қазіргі білікті педагог, ұстаз Самал Қалиқызын «Жыл мұғалімі – 2025» байқауындағы жеңісімен құттықтаймын! Самал Қалиқызы сіздер сияқты осы университетке студент болып келіп, жас маман болып қанат қақты. Осы жылдар ішінде білімді де, білікті маман, оқушы жүрегіне жол тапқан ұстаз болып қалыптасты. Бүгінгі жиында болашақ түлектеріміз қонағымыздың дара жолымен танысып, өздеріне көп кеңес алады деп ойлаймыз», - деді математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы.
Кездесу барысында Самал Қалиқызы өзінің ұстаздық жолындағы алғашқы қадамдары, жетістіктері мен кездескен қиындықтары жайлы ойларымен бөлісті. Оның педагогикалық шеберлігі мен табандылығы болашақ мұғалімдерге үлкен әсер қалдырды. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға ашық, әрі шынайы жауап беріп, оларды жігерлендіріп, шабыттандырды.
Шарада физика мұғалімі және физика-информатика мамандықтарының түлектері атынан ән шырқалып, ұстаздар туралы поэзия оқылып, жылы лебіздер айтылды. Кездесу соңында Самал Қалиқызына алғыс ретінде гүл шоқтары табысталды.
