
23 мамыр 2025
Абай еліне тағылымды сапар!
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен белсенді студенттері Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай облысына арнайы сапармен аттанды.
Рухани және ғылыми сапардың басты мақсаты – ұлы Абайдың мұрасын тереңірек тану, жастардың ұлттық құндылықтарға негізделген дүниетанымын қалыптастыру.
Делегация мүшелері Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде «Абайдың толық адам ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» атты республикалық форумға қатысты. Форум аясында пленарлық мәжіліс, семинар-тренинг, шығармашылық кездесулер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Пленарлық отырыста Атырау университетінің белсенді студенттері Нұрайым Нысанбай, Дана Махамбет, Дильнара Жәнібекова, Қарақат Сакенқызы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғыс хатымен марапатталды.
24 мамыр күні сапар Жидебай экскурсиямен жалғасады. Қатысушылар Жидебайдағы Абайдың музей-үйі мен кесенесіне, ақынның туған топырағы Сырт Қасқабұлаққа, классик жазушы Мұхтар Әуезовтың музей-үйіне, сондай-ақ тарихи «Еңлік-Кебек» кесенесіне барып, ұлттық руханияттың жауһарларымен танысатын болады.
Сапарға аттанған барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз!
