
22 мамыр 2025
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық байқауы өтті
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Атырау Жас өрендері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық байқауы өтті.
Жас ұрпақтың бойында батырлық пен жауынгерлік рухты шыңдап, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған шараға Атырау қаласының мектептерінен 9-11 сынып оқушыларынан құралған 10 команда қатысты.
Байқаудың ашылу салтанатында Атырау университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлова және әскери кафедра басшысы Руслан Наурызбеков алғы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Құрметті әріптестер және байқауға қатысушылар! «Жас сарбаз» әскери-патриоттық байқауында баршаңызға сәттілік тілеймін! Биыл Атырау университетінің әскери кафедрасының ашылғанына 9 жыл толып отыр. Аталған кафедраға кез келген мамандықта оқитын студенттер байқау нәтижесінде оқуға түсе алады. Сонымен қатар биыл - Ұлы Жеңіске 80 жыл. Болашақта соғыс болмасын деп тілейміз, десе де еліміздің шекарасының толықтығы мен егемендігінің сақталуына сіздер үлкен үлес қосады деп сенеміз!», - деді проректор.
Әскери сайысқа қатысушы командалар үш кезең бойынша сынға түсті:
1. «Сарбаз жолы» тактикалық ойынында командалар шынайы ұрыс немесе далалық жағдайда кездесетін тапсырмаларды модельдейтін арнайы жаттығуларды орындады.
2. «Мини эстафета» кезеңінде қатысушылардың физикалық дайындығы мен төзімділігі сыналды. Қатысушылар белтемірге тартылу, пресс, шартты көтеріп жүру, арқан секіру және 200 метрге жүргіру сынды тапсырмаларды орындады.
3. Құқықтық білімдер сайысында оқушылар ҚР Қарулы Күштері мен әскери тәртіп, азаматтық қорғаныс, алғашқы медициналық көмек көрсету туралы білімдерін көрсетіп, сұрақтарға жауап берді.
Жарыс соңында жалпы командалық есеп бойынша жарыс қорытындысы шығарылып, қатысушы командаларға алғыс хаттар табысталды. Жеңімпаздар дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
І орын – Сармат мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты №1 (100 000 теңге ақшалай сыйлық);
ІІ орын - №44 мектеп-гимназиясы (75 000 теңге ақшалай сыйлық);
ІІІ орын - Сармат мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты №2 (50 000 теңге ақшалай сыйлық).
Әскери-патриоттық байқауға қатысқан жас сарбаздарға алғыс білдіре отырып, жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!