Media Image

21 мамыр 2025

Профессор Мұхаддас Ғабдиевтің есеп беру концерті өтті

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің 85 жылдығы аясында және 21 мамыр - мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай профессор Мұхаддас Ғабдиевтің есеп беру концерті өтті.

Мұхаддас Ғабдиев – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Италияда өткен Халықаралық баянистер-аккордеонистер байқауының Бас жүлдегері, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, еліміздің музыка өнерінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан педагог, әрі композитор.

Концертте Ықыластың «Ерден» күйі, профессор Мұхаддас Ғабдиевтің өзі баянға лайықтаған «Қобыз сарыны» мен халық күйі «Қарасай», Владимир Зубицкийдің «Джаз вальсі» сынды туындылар орындалды. Сондай-ақ республикалық байқаулар лауреаты, музыка және өнер кафедрасының меңгерушісі Ақкенже Шаужанова Кенен Әзірбаевтың «Бастау» және Қызылдың «Ойкөк» әндерін шеберлікпен орындады.

Шарада доцент Сәтім Әжікен мен профессор Мұхаддас Ғабдиевтің авторлығымен дайындалған «Баянға арналған педагогикалық репертуар», «Баянға арналған музыкалық шығармалар хрестоматиясы» және Сәтім Әжікеннің «Атырау композиторларының музыка сабағына арналған әндер жинағы» оқу құралдарының салтанатты түрде лентасы кесілді.

Тұсаукесер рәсімінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев және Атырау университететінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Чукуров кітап авторларына жылы лебіздерін білдірді. «Бүгінгі концерт жай ғана концерт емес, бұл – таланттың шыңдалуы. Нағыз таланттың иесі, өз ісінің маманы, музыка саласының биік шындарын бағындырған, республикалық және халықаралық деңгейде жоғары бағаланған концерт иесі – Мұхаддас Рыспайұлын бүгінгі шараның жоғары деңгейде өтуімен және жаңа кітаптарының тұсаукесерімен шын жүректен құттықтаймын!», - деді профессор Асхат Иманғалиев.

Проректор Асхат Чукуров Атырау университетінің Басқарма-төрағасы Саламат Идрисовтың алғыс хатын концерт иесіне табыстады.

Сонымен қатар концерттік бағдарламада профессордың шәкірттері баян аспабында қазақтың халық және заманауи туындыларын орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Салтанатты жиын соңында орындаушылар мен көрермендер естелік суретке түсті.