Media Image

20 мамыр 2025

Мемлекет және қоғам қайраткері Саттар Имашев – 100 жыл

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде мемлекет және қоғам қайраткері Саттар Нұрмашұлы Имашевтің 100 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті.
Мемлекет және қоғам қайраткері Саттар Нұрмашұлының өмірі мен қызметін тереңірек таныту, еліміздің қоғамдық дамуына қосқан үлесін бағалап, жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Парламент Сенатының екі шақырылым депутаты, белгілі заңгер Сәрсенбай Еңсегенов, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, қайраткердің қызы Элеонора Имашева және Атырау университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, қоғам және мемлекет қайраткері Ирак Елекеев Саттар Имашевтің ел дамуына қосқан зор үлесі қазіргі заманда әділ бағасын тауып, ғылыми жұмыстары мен атқарған істері жастар арасында кеңінен насихатталуы қажет екендігін атап өтті.
Шара барысында Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» атты кітабынан президенттің Саттар Имашев туралы естелігін оқып берді: «Кемел Тоқаев оқып жүргенде Саттар Имашевпен танысып, достасты. Әкейдің әңгімелеріне қарағанда Саттар Имашев үздік оқып, қоғамдық тапсырмалардың бәрін құлшыныспен орындаған. Мінезінің бұл қыры оның қызметтік мансабына оң әсерін тигізді. Партия мүшелерінің көзіне түсіп, сатылап алға жылжып, ықпалды адамдардың біріне айналды. Саттар Имашев Қазақстан компартиясының орталық комитетінің хатшысы лауазымын атқарған кезінде республикамыздың мықты идеологтарының біріне айналды. Әкей оның адамгершілік һәм іскерлік қасиеттерін жоғары бағалайтын. Саттар Имашев алпыс жасқа толмастан хирургиялық операциядан кейін дүние салды. Әкем студенттік досының қазасынан кейін қатты қайғырды. Тағдыр оған қатал қарады, күш қуаты мол шағында арамыздан алып кетті деп қамықты».
Дөңгелек үстелде Атырау университетінің ғалымдары қайраткердің тағылымды өмір жолы туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайпулла Сапанов Саттар Имашевтің қоғамдық-саяси қызметіне және Қазақстандағы парламентаризмге мәселелеріне терең талдау жасады.
Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет «С.Имашев және оның уақыты» тақырбында баяндама жасады. «Саттар Нұрмашұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшылық қызметін атқарған жылдары, яғни 60-жылдардың екінші жартысында барлық салада, оның ішінде әдебиет пен өнер саласында да елеулі жетістіктерге қол жетті. Қалың көпшілікке кеңінен танымал болған ондаған аса көрнекті туындылар пайда болды. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры қойған Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджановтың «Жер – Жер-ана» спектаклі республикалық Мемлекеттік сыйлығына және Бүкілодақтың байқауында дипломға ие болды. Ғ.Мүсіреповтың «Аманкелді» пьесасы, сондай-ақ Семей, Павлодар, Қызылорда облыстық театрлары қойған шығармалар көрермендердің ықыласына бөленді»,.- деді профессор.
Сондай-ақ, қайраткердің қызы Элеонора Саттарқызы дөңгелек үстелге қатысушылардың назарына Саттар Нұрмашұлының өмір жолына арналған хронологиялық презентацияны ұсынды. Қайраткердің қызы өз баяндамасында Саттар Имашевтің балалық шағынан бастап, Ұлы Отан соғысына қатысқан кезеңі, білім алып, маман болып қалыптасқан шақтары мен мемлекеттік салада атқарған қызметтері жөнінде терең ашып айтты.
 Дөңгелек үстелдің қорытындысында бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, ел аумағындағы мектептер мен көшелерге Саттар Имашевтің есімін беру, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Саттар Имашев атындағы арнаулы стипендиялар тағайындау ұсынылды. Сонымен қатар, қайраткерге арналған бюст орнату және оның өмірі мен қызметін жан-жақты зерттейтін ғылыми жобалар мен еңбектерді жүзеге асыру қажеттігі де көтерілді.