
23 сәуір 2025
«КІТАП – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ТІРЕГІ»
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің “Тұлғалар аллеясы” алаңында биыл алғаш рет атап өтілетін 23 сәуір - Ұлттық кітап күніне орай, «Кітап – ұлттың рухани тірегі» атты ауқымды мәдени шара өтті.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Ұлттық кітап күні» мерекесін мазмұнды етіп өткізу туралы тапсырмасына орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 маусымдағы №522 қаулысымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді.
Мерекелік іс-шараның ашылуында «кітап - ұлттың бар мақсат-мүддесін, тарихы мен тәлімін алдағы ұрпаққа жеткізетін асыл қазына, үлкен құрал. Әрбір қоғамның тұрғындарының арасында үш пайызға дейін кітап жазатын авторлар болса, сол қоғам кітап оқитын және ойлана алатын қоғамға жатады екен. Қазіргі таңда кітап сөрелерінде қазақ тіліндегі кітаптардың көбеюі біздің еліміздің де ойлана алатын саналы азаматтары бар екендігінің дәлелі деп ойлаймын. Баршаңызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын», - деді облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы.
Салтанатты шараның мақсаты - қоғамда кітап оқудың жоғары мәдениетін қалыптастыру, қалың көпшілікті кітап оқуға ынталандыру, кітаптың рухани, мәдени құндылық ретіндегі маңызын арттыру. Мерекеге Атырау өңірінің ақын-жазушылар, өнер және мәдениет қайраткерлері, Атырау университетің оқытушы-профессорлары мен студенттері, кітапхана қызметкерлері мен кітап құмар оқырман қатысты. «Сіздерді 23 сәуір - Ұлттық кітап күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – адамзат өркениетінің ең ұлы құндылығы – кітапқа, білімге, руханиятқа тағзым ететін ерекше мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр ғана Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деген еді. Атаулы күнді өзі бастама көтеріп ұсынды. Міне биыл алғаш рет атап өтіп отырмыз. Кітап оқу – мен үшін тек демалыс қана емес, үнемі ізденісте болудың, ойды тәрбиелеудің жолы. Бұл әдет менің кәсіби және адами қалыптасуыма зор ықпал етті деп айта аламын», - деді Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов құттықтау сөзінде.
Мерекелік іс-шара барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы, ақын Қадыр Жүсіптің «Ақ Жайық жырлары», «Атырау қаламгерлері», «Парасат салтанаты», «Күй падишасы» атты кітаптарының тұсауы кесілді.
Ашық аспан астында өткен «Open Air» форматындағы шарада өңірдің кітапханалары мен Атырау университетінің кітап қорындағы еңбектердің жәрмеңкесі мен әдеби композициялар ұсынды. Өңірдегі Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы кітап инсталляциясы, жаңа әдебиеттер мен көне кітаптар көрмесі, фотокөрмелер және буккросинг аймағын ұйымдастырды. Ал Облыстық балалар кітапханасы ертегілер қойылымы, кейіпкерлер шеруі, библиофуршет және шеберлік сағатымен қуантты. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме, «Бір ел – бір кітап» акциясы және викториналар өтті.
Сондай-ақ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Абай шығармашылығына, профессор-оқытушылар ғылыми еңбектеріне, «100 жаңа оқулық» және «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген «Бабалар сөзі» 100 томдық еңбектің көрмелерін көпшілікке ұсынды. Мерекелік шарада университеттің студенттері мен оқытушылары ерекше белсенділік танытты.