
23 сәуір 2025
Экология және қоғам: «Таза Қазақстан» жолында
Атырау қалалық Н.Балғымбаев атындағы орталықта «Жаңа экологиялық бастамалар және таза орта: әкіммен ашық диалог» атты маңызды кездесу өтті.
Өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа жобаларды талқылау және қоғаммен тиімді байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылған шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының басшылары, экоактивистер мен жастар ұйымдарының өкілдері, жас ғалымдар мен оқушылар қатысты.
Кездесу аясында облыс әкімі экологиялық жобалардың көрмесін тамашалап, одан кейінгі пікір алмасу барысында нақты ұсыныстарды тыңдады. Баяндамаларда білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жас ғалымдардың экологиялық зерттеулері және студенттік жобалардың өңірдің тұрақты дамуына әсері кеңінен талқыланды.
Өңірімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған шаралар кезінде жастарға басымдылық беру туралы «жанып тұрған жастарымыз көп. Оларды қозғауымыз керек. Жастарды мәдениетті болуға шақырамын. Біз басқа елге үлгі болу үшін мәдениетімізді көтеріп, сана сезімімізді өсіруіміз қажет. Жастардың экологиялық жобаларын, ортақ жоспарларын қолдауға дайынбыз. Жетістік шағын қадамнан басталады. Ертең бір кісідей экологиялық бағыттағы жұмысқа кірісіп кеткеннің өзінде лезде нәтижеге жету қиын. Аз да болса үздіксіз әрекет етіп, жақсы жетістікке жетуге болатынына сенемін. «Көп көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын!»,- деді облысы әкімі Серік Шәпкенов.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Мансия Есенаманова «Студенттердің ғылыми зерттеулерінің аймақтың тұрақты дамуына әсері: әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешудегі студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарының рөлі» атты баяндамасында екі ерекше жобаны таныстырды:
1. Климаттың өзгеруі жағдайында өсімдіктерді топырақсыз өсірудің заманауи технологиялары;
2. Фитотері – өсімдік және тағам қалдықтарын инновациялық материалға қайта өңдеу.
«Фитотері» - өсімдік және тамақ қалдықтарын экологиялық таза, инновациялық материалға қайта өңдеу. Бұл бағыт қалдықсыз өндірісті дамытуға және өңірге экологиялық жүктемені төмендетуге ықпал етеді. Бұл біздің Атырау өңірі үшін өзекті тақырыптардың бірі - қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешуге ықпал етеді. Студенттердің өсімдік қалдықтары мен тамақ қалдықтарын тұрақты және экологиялық таза материалға айналдыру технологиясын жасап шығаруы ластану деңгейін төмендетіп қана қоймай, қайта өңдеу саласында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», - деді профессор Мансия Есенаманова.
Сондай-ақ аймақтық жиында мұғалімдер мен оқушылар, жас кәсіпкерлер және ҮЕҰ өкілдері өз жобаларын таныстырып, экологияны жақсартуға бағытталған тың идеяларын ортаға салды. Ұсыныстар қатарында облыстың экологиялық жобалар жинағын жасау, «ЭкоМектеп» бағдарламасын енгізу, білім беру мекемелерінде экологиялық клуб құру, жасыл бизнеске салықтық жеңілдіктер беру және халықаралық экофорум ұйымдастыру сияқты бастамалар көтерілді.