
18 сәуір 2025
Студенттер заң мен тәртіп айлығы аясында прокурор Руслан Айтимовпен кездесті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Заң және тәртіп» құқықтық сауаттылық айлығы аясында Атырау қаласының прокуроры Руслан Айтимовпен кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау маңыздылығын түсіндіру.
Кездесу барысында Руслан Өтегенұлы құқық үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері жөнінде кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар ол есірткі қылмысының қоғамға қауіптілігі мен оның заң алдындағы жауапкершілігіне тоқталып, заң шеңберінде өзін-өзі қорғауға қандай әрекеттер кіретінін де түсіндірді. Топтасып төбелесу фактілері мен оған қолданылатын қылмыстық жауапкершілік шаралары нақтыланды.
«Заңды білмеу ешкім құқықтық жуапкершіліктен босатпайтыны анық. Сондықтан құқықтық жауапкершілікті сезініп, заңнамалармен таныс болу, заң жүзінде сауатты болу баршамызға ортақ міндет. Қазіргі таңда жастар арасында ауыр қылмыстар, соның ішінде есірткіге байланысты қылмыстар жасөспірімдер мен жастар арасында өршіп тұр», - дейді прокурор Айтимов Руслан.
Прокурор құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылдану тәртібін, конкурстық іріктеу кезеңдерін және осы салада мансап құрудың ерекшеліктерін де жан-жақты түсіндірді. Өзінің жеке кәсіби жолы туралы ой бөлісіп, тәжірибелік кеңестер мен өмірлік мотивация берді.
Іс-шара еркін әрі ашық форматта өтті. Білім алушылар толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық тұрғыда құнды ақпарат алды.
Кездесу соңында университет басшылығы атынан Руслан Өтегенұлына алғыс білдіріліп, осындай мазмұнды кездесулердің «Заң клиникасымен» бірігіп алдағы уақытта да ұйымдастырылатыны атап өтілді.