
17 сәуір 2025
Заң және тәртіп айлығы аясында дөңгелек үстел өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Заң және тәртіп айлығы аясында «Жастардың құқықтық сауаттылығы және құқық қорғау органдарына деген сенімдерін арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
«ҚР Ішкі істер органдары» пәнінен студенттердің теориялық білімдерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған шараға құқық қорғау органдары және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құқықтану кафедрасының оқытушылары, Құқық қорғау қызметі ББ 3-курс студенттері қатысты.
Қылмыстық – құқықтық пәндер кафедрасы ұйымдастырған жиынға Атырау қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Айбол Ідірісов қатысып, қазіргі құқықбұзушылықтың алдын алу, болдырмау мақсатында студенттерге заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер, статистикалық көрсеткіштер мен қоғамда белең алып отырған қылмыстық құқықбұзушылықтарға тоқталып өтті.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құқықтану кафедрасының PhD докторы Айнұр Исаева «Кәмелетке толмағандардың тәртіптік жауаптылығы» атты баяндамасында студендерге жасөспірімдердің еңбек қатынастарындағы тәртіптік жауаптылықтары туралы кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар пара алу және парақорлық фактілерін анықтау жүйесін құру, шенеуініктердің кірістері мен шығыстарын бақылау, мүдделер қақтығысын анықтау және болдырмау туралы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, магистр Алия Муйденова «Сыбайлас жемқорлық және жастар: жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру» тақырыбындағы баяндамасында айтып өтті.
Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры, з.ғ.к Жанна Шаяхметованың «Қылмыстық құқық салағындағы жасанды интеллект» баяндамасында қылмыстарды тергеуде, сот ісін жүргізуде, жалпы заң практикасында, ауқымды деректерді халықаралық-құқықтық реттеуде цифрлық технологияларды (Big Data) қолдану мәселелері қамтылды. Цифрлық технологияларды енгізу құпия мәліметтерді жария ету және оларды құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалану тәуекелдерін болдырмау үшін адам құқықтарын сақтау және дербес деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Дөңгелек үстел студенттердің сұрақ-жауап алмасып, пікір білдіруімен аяқталды.